«Танымдық іс-әрекеттерді дұрыс ұйымдастыру біліктері – оқушыларды шығармашылыққа баулудың бірден-бір тиімді жолы»
2026 жылдың 30 қазан күні М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде (РО) «Танымдық іс-әрекеттерді дұрыс ұйымдастыру біліктері – оқушыларды шығармашылыққа баулудың бірден-бір тиімді жолы» тақырыбында педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру, тәжірибе алмасу және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында семинар ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі мақсаты: Педагогтердің оқушылардың танымдық іс-әрекетін тиімді ұйымдастыру бойынша кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған әдіс-тәсілдерді тәжірибе жүзінде көрсету және мұғалімдердің өздерін оқушы орнына қойып, оқу үдерісін оқушы көзқарасымен сезінуіне мүмкіндік жасау.
Семинарға тірек және магниттік мектептердің пән мұғалімдері қатысты.
Семинарда биология пәні мұғалімі Медеубаева Айгерім Жуасбековна оқушылардың танымдық қызығушылығын оятудың тиімді жолдары, шығармашылық және сыни ойлауды дамытатын қызықты тапсырмалар, оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері тәжірибе жүзінде оқушылардың жұмыстары арқылы көрсетіп өтті.
Биология пәні мұғалімі Бақтияр Әсел Ермекқызы өзінің сабақ барысында қолданатын әдіс-тәсілдерімен тансытыра отырып оқушыларды шығармашылыққа баулудың жолдарын атап айтты. Оны тәжірибе барысында көрсету мақсатында педагогтермен топтық жұмыстар мен шығармашылық ізденіске бағытталған тапсырмалар орындатты. Педагогтер өзара тәжірибе алмасып, тың идеялармен бөлісті.
«Танымдық іс-әрекеттерді дұрыс ұйымдастыру біліктері – оқушыларды шығармашылыққа баулудың бірден-бір тиімді жолы» тақырыбындағы семинар барысында ұстаздарға ерекше шығармашылық тапсырмалар ұсынылды.
Семинардың ең қызықты әрі әсерлі кезеңдерінің бірі – мұғалімдердің бір сәтке оқушы рөліне еніп, шығармашылық ізденіске түсуі болды.
Бұл кезеңнің басты мақсаты – педагогтерге оқушының көзқарасымен ойлануға мүмкіндік беру, танымдық тапсырмалардың қызығушылықты оятудағы және шығармашылық қабілетті дамытудағы маңызын тәжірибе арқылы сезіндіру.
1-топ – «Ақылды өсімдік»
Қатысушыларға 2050 жылдың табиғатын елестетіп, ауаны тазартатын, жарық шығаратын және сусыз ұзақ уақыт тіршілік ете алатын ерекше өсімдік ойлап табу тапсырылды.
Ұстаздар болашақ өсімдігінің моделін құрастыру арқылы оның құрылысын, ерекшелігін және адамзатқа тигізетін пайдасын түсіндіруге бағытталды.
2-топ – «Болашақ жануары»
Бұл топқа 2050 жылғы өзгерген табиғат жағдайына бейімделген ерекше жануардың бейнесін жасау ұсынылды.
Қатысушылар жануардың дене құрылысын, тіршілік ету ортасын, қоректену тәсілін және қорғану ерекшеліктерін шығармашылық тұрғыдан сипаттау тапсырмасын орындады.
Тапсырмалардың ерекшелігі – дайын жауаптың болмауы. Әр қатысушы өз қиялына ерік беріп, ғылыми білімін шығармашылық ойлаумен ұштастыруға мүмкіндік алды.
Бұл жұмыс барысында ұстаздар тек тапсырма орындаушы ғана емес, ізденуші, зерттеуші, жаңалық ашушы рөлін де сезінді.
Осындай тәжірибелік жұмыстар арқылы танымдық іс-әрекетті дұрыс ұйымдастыру оқушының қызығушылығын арттырып, өз ойын еркін жеткізуіне, топпен бірлесіп жұмыс істеуіне және тың идеялар ұсынуына ықпал ететіні көрсетілді.
«Оқушыны шығармашылыққа баулу үшін алдымен оның қиялына қанат бітіріп, ойлануына мүмкіндік беру керек. Ал шығармашылыққа жетелейтін ұстаз сол үдерісті өзі де сезіне білуі тиіс».
Бір сәтке оқушы болған ұстаз – оқушы жүрегіне жол табудың жаңа мүмкіндігін ашады!
10
0



