БІРЛІГІМІЗ БЕРІК, ЫНТЫМАҒЫМЫЗ ЫРЫСТЫ БОЛСЫН
Биылғы жыл еліміз үшін сын сағаттар мен сынақтарға толы болды. Жасыратыны жоқ, қарапайым халықтты толғандырып отырған проблемалар да бар. Әлемдегі саяси ахуал да бізге өз ықпалын тигізіп отыр. Әрине, мұның бәрі уақытша қиындықтар, ең бастысы Тәуелсіздігіміз, біз үшін азаттықтың құны қымбат. Президент Жолдауын халық үлкен үмітпен күтеді. Өйткені, қоғамды алаңдатқан мәселелердің түйіні шешіліп, әлеуеттің әлеуметтік жағдайына бағытталған тың бастамаларға жол ашылатынын жақсы біледі.
Мемлекет басшысының биылғы дәстүрлі Жолдауын ұстаздар да тыңдадық, тыңдай отырып ой түйдік. Көп мәселе айтылды, Президент қордаланған проблемаларды шешу мүмкіндіктерін қарастырды, тиісті органдарға тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысы өзі айтқандай: «Саяси жаңғыру экономикалық өзгерістерге ұласуы тиіс». Жаңа экономикалық саясат, салықтық бақылауды цифрландыру, кедендік рәсімдеуге бір терезе қағидатын енгізу, ұлттық қордың қаржысын тиімді жұмсау бағытында жұмыстар атқарылмақ. Әрине, бұл бастамалар экономикаға тың серпін береді деп сенеміз. Ал экономикасы дамыған елдің жұрты да жүдемейді, тұрмысы да түзу болады.
Президенттің биылғы Жолдауы білім беру және денсаулық саласының дамуына қандай жаңашылдық әкеледі деген үмітіміз болды. Жасыратыны жоқ, ауыл жұртшылығының медицина қызметіне қолы жете бермейді. Қаншама тұрғындар ауруханаға сырқаты асқынып жетеді. Енді Президент тапсырмасымен ауылдық жерлерде де көпбейінді емханалар бой көтереді. Қуанышты хабарды ауылдағы ағайындарға да сүйіншілеп жатырмыз.
Білім беру саласы дамыған елдің өзгелермен терезесі тең болары сөзсіз. Әділетті Қазақстан құруға мұғалімдер атсалысуы қажет, деп Президент нығырлағандай ұстаз бүгінгі қоғамның беткеұстар тұлғасы. Білімді шәкірт - Тәуелсіз еліміздің ертеңгі күші. Сондықтан жас ұрпақтың алаңсыз білім алуына бар мүмкіндік алдағы уақытта да жасала бермек.
Тағы бір айта кететін жайт, Президент биыл жүз мың жасқа жұмыс береміз деді. Жас келсе іске, деп халқымыз бекер айтпайды. Күш-жігерін елінің дамуына жұмсаған ұрпақ бақытты. Жастарды қолдауға бағытталған жобалар аз емес, алдағы уақытта да олар мемлекет шарапатымен өмір сүретін болады. Жастарымызға амандық тілейік, бірлігіміз берік, ынтымағымыз ырысты болсын, ылайым.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
Қожаберген жырау атындағы №6 орта
мектебінің мұғалімі.