
Бүгін — 25 мамыр, Ұлы даланың барлық мектептерінде соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлайтын күн. Мектеп бітіруші түлектер соңғы қоңырау үнімен тебіреніп, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» алтын ұя – мектептерімен қимай қоштасар сәт. Білімнің ордасы, жылылықтың мекеніне айналған мектеппен қош айтысар түлектердің жадында мәңгі жатталатын шақ. Дәл осы күні жүректері дүрсілдеген жеткіншектер қияға қанат қағады.
Осы оқу жылында барлығы 500-ге жуық шәкіртіміз білім байқауына қатысып, соның 200-ге жуығы жүлделі орындарды еншіледі. 18 оқушымыз пән олимпиадасында қала мектептерінің арасынан көш бастады. Ал қалалық ғылыми жобаларда – 11, Зерде республикалық ғылыми жобалар сайысының облыстық кезеңінде – 1 оқушымыз топ жарып, ел деңгейінде өңіріміздің намысын қорғады. Бастауыш сынып оқушысы Баяхмет Мадина үмітімізді ақтап, республикадан ІІ орын алды.
5 сынып оқушылары Жусупова Мерей мен Айдосұлы Санжар Robo Mission – робототехника олимпиадасынан 1 орын алып, республикаға жолдама алды.
10 сынып оқушысы Бекшенова Камила Флекс бағдарламасы бойынша АҚШ-қа 1 жылға оқуға жолдама алды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің облыстық олимпиадасында Сагдеева Дарима Маратқызы және облыстық «Өнегелі ұстаз» сайысында Рахметова Нұргүл Қабитқызы жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.
«Тәлімгермен сұхбат» облыстық сайысында да жүлделі екінші орын біздің еншімізге бұйырды. Олар: Сатубалдинова Алмагүл Амангелдіқызы, Есілбаева Айгерим Сеиітқызы, Муканова Меруерт Серікқызы, Искакова Айгүл Ораққызы.
«Үздік психолог» сайысының облыстық кезеңінде Исекова Маржан Қазесқызы жүлделі І орынға ие болып, республикалық кезеңіне қатысушы атанды.