Халқымыздың тарихында қилы-қилы заманалардағы соқпақтардан қаймықпай, ұлттық рух, елдік мүдде жолында бастарын бәйгеге тіге жүріп, Алла тағала өлшеп берген ғұмырын елге, жерге деген мәрт махаббатпен, келер ұрпақ ғибрат алатындай сәулелі істермен нұрландырған аяулы тұлғалар көп болды деп айта алмаймыз. Солардың бірі емес, бірегейі – Абай Құнанбаев. Хакімнің мұрасын ұлықтау, шығармаларын насихаттау, қарасөздері арқылы кейінгі ұрпақты тәрбиелеу мақсатында республикалық «Абайтану» пәндік олимпиадасының бүгін облыстық кезеңі өтті. Петропавл қаласының және облыс аудандарының үздік оқушылары бақ сынаған байқауға Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Елдана Ерсайнова қатысты. Қалалық кезеңде топ жарған шәкіртіміз облыстық деңгейдегі салмағы зіл батпан сайыста Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының мазмұны бойынша қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берді. Бұдан бөлек хакім Абайдың шығармашылығы бойынша сократтық сауалдар да қойылды. Байқаудың басқа да кезеңдерінің тапсырмаларын шама-шарқынша орындаған Елдана байқау қорытындысы бойынша жүлделі екінші орынға ие болды. Сонымен қатар республикалық «Абай әлемі» эссе байқауының облыстық кезеңінде жүлделі бірінші орын алып, абыройымызды тіпті, асқақтатты. Жеңімпаз шәкіртімізді бұл білім сынағына дайындаған мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Айгүл Ораққызы екенін айтып өткен жөн.
Copyright © BenchMark Consulting 2018-2026. Все права защищены