Ұстаздар мерекесіне орай. Әке жолы - сара жол
Қазақ мектеп – гимназиясында мұғалімдікті міндет тұтқан шаңырақ бар. Шаңырақтың 2 қызы аталған мектептің тәжірибелі ұстаздары. Олар: Долдина Сәния Қабділманқызы, Назарова Алмагүл Қабділманқызы, педагог-зерттеуші санатындағы бастауыш сынып мұғалімдері. Әулеттегі алғашқы ұстаз - Долдин Қабділман. Ағартушы ұстаздың жолын ұрпақтары абыроймен жалғастырып келеді. Бүгінде бұл отбасы «Ұстаздар династиясы» деп атауға лайықты әулет.
Долдин Қабділман – Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі (Қазақ ССР. Жоғарғы Советі Президиумының УКАЗЫ. 1978 жылғы 22 май).
Долдин Қабділман 1931 жылы 6 маусымда дүниеге келген. Оның әкесі Долда хат тасушы болып істеген. Қарабайыр мамандығына қарамастан өзгеге ұсынар өнегесі мол ақылгөй адам еді. Үнемі қысқа да нұсқа ой тұжырымдайтын. Баласының ұстаздық жолды таңдағанын естігенде, «Ойлан!» - деп қысқа қайырды. «Ойланғанмын ...» деген баласына: «Онда жолың болсын!» деді. Қабділманның жолы болып педагогика институтын аяқтады. 1952 жылы Омбы облысындағы Есілкөл ауданының Қойбағар жетіжылдық мектебінен басталған мұғалімдік еңбегі қырық жылға жуық бастауыш кластарда сабақ берумен ұласты. Соның ішінде жиырма бес жыл Жамбыл ауданындағы Қарағаш бастауыш мектебінің меңгерушісі болды. Осы жылдардың ішінде ізденімпаз, еңбекқор ұстаз, ауыл мәдениетінің ошағы мектептің оқу-материалдық базасын нығайту, оқу кабинеттерін жабдықтау, шәкірттердің мектептен сапалы білім алып шығуын қамтамасыз ету жөнінде көптеген жұмыстар атқарды. Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген ұстаз еңбегін үкіметіміз назардан тыс қалдырған жоқ. 1976 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен наградталды. Ал 1978 жылы оған «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағы берілді. Қабекең еңбегінің соңғы кезеңінде туған Балуан ауылына оралып, мұғалімдік қызметін жалғастырғанда облысымызда алғашқылардың бірі болып, даярлық эксперимент класын ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өзінің бар өмірін, білімі мен еңбегін жас жеткіншектердің тәлім-тәрбиесіне арнаған Қабділман Долдаұлы үлгілі семьяның ұйтқысы болды. «Өнеге - отбасынан» дейді халық даналығы. Бір шаңырақтан тараған алты баланың төртеуі бірдей әкелері Қабділман Долдаұлының жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдауы шын мәнісінде де отбасындағы ерекше үлгі-өнегенің жемісі болса керек. «Мен өз балаларымның ғана емес, шәкірттерімнің де сапалы білім алуымен бірге, адамгершілігі мол азамат болып өсуіне баса назар аудардым. Мұғалімдік мамандықты таңдаған қыздарым –Айнагүл, Алуа, Алмагүл және Сәнияның да бүгінгі күннің жоғары талабына сай еңбек етуін қалаймын» деп армандаған. Бір құптарлығы, Айнагүл, Алуа, Алмагүл және Сәния әке сенімін ақтап, өздері еңбек ететін ұжымда, әріптестерінің де, шәкірттерінің де ыстық ықыласына ие. Апалы-сіңлілі ұстаздардың өз әулеттеріндегі қастерлі мамандықты игерудегі алғашқы қадамдарының сәтті басталуы да әке тәлімінен бастау алса керек.
Төменде Сәния Қабділманқызының "Долдиндар әулеті" туралы берген сұхбаты.
Автор: b1429skobilim
Добавлено: 05.10.2020 в 12:00