Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасына қарасты Абай Құнанбайұлы атындағы #87 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен Тіл мерекесі аясында Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған "Алаштың рухани көсемі" атты онлайн вебинары өтті.
Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасына қарасты Абай Құнанбайұлы атындағы #87 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен Тіл мерекесі аясында Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған "Алаштың рухани көсемі" атты онлайн вебинары өтті. Сағат 11.00-де басталған алқалы жиынға мектеп ұжымы мен оқушылары қатысып, Алаштың аяулы перзенті Ахаңның өмірі мен шығармашылығына байланысты тың деректерді тыңдап білді.
Вебинардың спикерлері ретінде туысқан Түркия елінен қатысқан ахметтанушы, Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бирай А. Байтұрсынұлының еңбектерінің құндылығы, түркі халықтары үшін маңызы жөнінде айта отырып, зерттеу жұмыстарының өзектілігін аңдатты.
Бұдан кейін сөз алған ғалым алаштанушы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Қайырбек Кемеңгер Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі Абай мысалдары тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Алматыдағы А. Байтұрсынұлы музей-үйінің шырақшысы, "Тіл-құрал" оқу-әдістемелік, ғылым-зерттеу орталығының жетекшісі Райхан Имаханбет ахметтану ғылымының бүгінгі мәселелерін көтерді. Музей-үйінің қазіргі ахуалы, Ахмет туған өлкенің қараусыз қалғаны сөз болды.
Әдебиетші ғалым, сыншы, Алматы облысы Рухани жаңғыру кеңсесінің бөлім басшысы Елдос Тоқтарбай Ахмет Байтұрсынұлының Алаш кезеңіндегі қызметі жайын қозғады.
Жиынды жинақы, жүйелі түрде жүргізген модератор, Абай Құнанбайұлы атындағы #87 мектеп- гимназиясының мұғалімі Заңғар Кәрімхан баяндамашы спикерлер мен қатысушы тыңдарман қауымға алғыс білдіріп, Ахмет Байтұрсынұлының бай мұрасы ұрпақтан ұрпаққа қызмет ете беретінімен онлайн семинарды аяқтады. Осылайша Ахаңды ұлықтау ісі жалғаса бермек.

Copyright © BenchMark Consulting 2018-2026. Все права защищены