Биылғы оқу жылы еліміз үшін өте ерекше жағдайда аяқталуда. Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың жарлығымен ТЖ жарияланып, 4 тоқсанда білім беру қашықтықтан жүргізілді
Биылғы оқу жылы еліміз үшін өте ерекше жағдайда аяқталуда. Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың жарлығымен ТЖ жарияланып, 4 тоқсанда білім беру қашықтықтан жүргізілді. Сондай-ақ, бүгінгі соңғы қоңырау салтанатты жиыны да өзгеше талаптармен өтуде. Дегенмен, еліміз үшін бұдан өзге ерекше тарихи сәттер орын алуда. Оның бастысы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлына 175 жыл, әлемнің екінші ұстазы саналатын Әбу насыр әл-Фарабиге 1150 жыл, сондай-ақ, осынау бейбіт күннің нақ дәлелі Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр.
Биылғы оқу жылы №68 мектеп-гимназиясы үшін де жаңалықтарға толы болды. Мектебімізге қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, жалынды көсемсөз шебері, халықтың қошеметіне бөленген Міржақып Дулатұлы есімі берілді. Мектеп директоры К.Баяхметбаева «Ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен арыстарымыздың бірегейі Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылық қызмет жолы біз үшін үлгі-өнеге. Міржақып Дулатұлы елін, жерін сүюдің және биік адамгершілік пен білімділіктің үлгісі болып қала бермек. Қаламгердің қалдырған мол мұрасын зерделеп зерттеу, оны оқып-білу біздің парызымыз» дейді.
Бүгін Міржақып мектебінде ашық алаңда соңғы қоңырау күні және жалпы орта мектеп курсын бітіруге арналған салтанатты жиын болып өтті. Жиын Мемлекеттік Тудың енгізілуімен және Гимнді орындаудан басталды. Жиын барысында мектеп директоры Баяхметбаева Күнімбала Ізтөлеуқызы, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің студенттер ісі жөніндегі вице-провосты Мусабеков Максат Несипжанович, мектепшілік ата-аналар комитетінің төрайымы Қорғанбаева Динара Аслановна сөз сөйлеп, жас түлектерге сәт сапар тіледі. Үздік түлектер: Абдарашова Толқынға, Мухамедкаримова Томириске, Ерден Нұрасылға, Узакбаева Шапағатқа «Алтын белгі» төсбелгі медалі мен Абай Құнанбаевтың екі томдық қарасөздері кітабы тапсырылды. Ата-аналар балаларының жалпы орта мектеп білімін айғақтайтын аттестат алып жатқан жарқын сәтіне куә болды.
Мектеп қызықты оқиғалар мен керемет естелікке толы ғажайыптар мекені. Осы жерде жүріп оқушылар бақытты балалықты өткізеді, тәтті қиялдары мен асқақ армандары жайлы ойлайды. Болашағына жоспар құрып, әр күнін ерекше өткізуге тырсады. «Аттандық сапарға, көңілде мол арман, аттандық сапарға тосады жол алдан» демекші, бүгінгі соңғы қоңырау үні де ерекше. Ол мектеппен қоштасалар соңғы қоңырау. Сыңғырлаған қоңырау әуені бал дәурен балалық шақтан, есеюге, үлкен өмірге қадам басуға шақырады.
Түлектер пен ата-аналарға карантин талаптарын және балалардың өмір қауіпсіздігін сақтау мақсатында мейрамханада тойлатуға, қоштасу кешін өткізуге, ойын-сауық орталықтарында қарсы алуға, сондай-ақ автокөлікті жалға алуға болмайтындығы ескертілді.
Жалпы салтанатты жиын әрбір сынып үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жеке-жеке өткізілді. Іс-шара соңында мектеп ауласында «Түлектер аллеясына» 6 дана ағаш отырғызылды.




Автор: 68mektep
Добавлено: 03.06.2020 в 00:58