Қымбатты ата –аналар, құрметті әріптестер және бүгінгі айтулы күннің иесі Жас түлектер! Cіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы оқу жылы бәріміз үшін ерекше болды. Бұл жыл сіздердің естеріңізде қашықтан оқу мен өзгеше форматтағы соңғы қоңырауымен есте қалады деп ойлаймын. Әлемде, елімізде болып жатқан қиындықтарға қарамастан, Ұстаз, Оқушы, Ата-ана болып бірігіп жұмыс жасаудың арқасында оқу жылын сәтті аяқтап отырмыз.
Құрметті түлектер, сіздер алтын ұя мектептеріңізбен қоштасып, үлкен өмірге аяқ басқалы отырсыздар. Қадамдарыңыз құтты болсын! Денсаулықтарыңыз мықты болсын! Аңсаған армандарыңызға жетіп, өздеріңіз қалаған мамандық иесі болыңыздар.
Сіздер мектепті ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, ғұлама-ғалым Әль-Фарабидің 1150 (бір мың бір жүз елу) жылдық мерейтой қарсаңында бітіргелі отырсыздар. Сіздердің де осындай ұлы тұлғаларымыз сияқты еліміздің гүлденуіне үлес қосатын үлкен тұлға болуларыңызға тілектеспін! Ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін ақтайды деп сенім білдіремін!
11 жыл бойы дарыны мен таланты арқылы көзге түсіп, мектепті «Алтын белгі» мен «Үздік» аттестатқа бітіріп отырған озат оқушыларымызға Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер» жинағын сыйға тартып отырмыз. «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан»,- деп айтқан Абай аталарыңыздың ғибратты сөздері өмірлеріңізге рухани азық болсын!
Сәтті сапар, Ақ жол тілеймін ҚЫМБАТТЫ ЖАС ТҮЛЕКТЕР !
Copyright © BenchMark Consulting 2018-2026. Все права защищены