Біздің мектепте қыргүйек айының 5-і күні Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған, Тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ғалым, ақын, публицист, педагог, қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының туған күніне орай «А.Байтұрсынұлы–көркемсөз шебері» атты конференция сабағы өтті.
Сабақтың мақсаты:
1. Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы, кітаптары, ғылыми еңбектері туралы мағлұмат беру.
2. Ақын өмірін оқушыларға үлгі ете отырып, өз елін сүюге, оның көркеюіне үлес қосуға тәрбиелеу
3. Оқушылардың танымдық деңгейін дамыту.
Сабақтың көрнекілігі: Ақын портреті, кітаптары, ақын туралы жазылған сөздер.
Сабақ мұғалімнің кіріспе сөзінен басталды. Алмагүл Хамзеқызы қатысушыларды қошеметтеп, сабақтың мақсатымен, жоспарымен таныстырып, ақын өмірбаянына шолу жасады. Конференция сабағы 4 бөлім бойынша өтті: І бөлім. Ахмет Байтұрсынов - ағартушы.
ІІ бөлім. Ахмет Байтұрсынов – ғалым.
ІІІ бөлім. Ахмет Байтұрсынов - ақын, аудармашы.
ІҮ бөлім. Ахмет Байтұрсынов - көсемсөзші.
Сабақтың I бөлімінде оқушылар Ахмет Байтұрсыновтың ағартушылығына тоқталды. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, қазақ халқының «рухани көсемі» болған Ахмет Байтұрсыновтың ұланғайыр еңбегі туралы сөз қозғады.Ағартушы қайраткердің ең алдымен, қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашып, әрі қарай қазақ тілінде оқуын жалғастыруға көп күш жұмсағанын, осы мақсатын орындау үстінде ол қазақ тілін, оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын баяндап, талдап - танытқан зерттеуші әрі сол зерттеулерінің негізінде «Әліппе» мен түңғыш ана тілі оқулықтарын жазған автор екенін баяндады.
II бөлімде оқушылар қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсыновтың «Әліпбиімен» ашып, ана тілін «Тіл құралы» арқылы оқып үйренгені, Ахмет Байтұрсыновтың жас қазақ ғылымына еткен қызметі тіл білімі саласында емес, әдебиеттану саласында да айтарлықтай болғандығы, Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты көлемді еңбегі - әдебиеттану ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихына арналған түңғыш зерттеу жұмысы екені туралы баяндады.Ғылыми еңбектеріне шолу жасады.
III бөлімде оқушылар Ахмет Байтұрсыновтың ақындығына шолу жасады және өлеңдерін жатқа айтты. Сонымен қатар, қалай да халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақынның ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсұнғаны, И. А. Крылов туындыларын аударып, «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургте бастырып шығарғаны жайлы баяндады.Оқушылар мысалдары туралы айтты.
ІҮ бөлімінде А. Байтұрсыновтың публицистикадағы орны туралы оқушылар шолу жасады.
Міне, оқушылар қазақ халқының абзал ұлдарының бірі, ХХ ғасырдың бас кезіндегі үркердей шағын топ - демократтық бағыттағы қазақ интеллигенциясының ең ірі, ең беделді өкілі, бір емес екі рет заңсыз жазғырылып, сталиндік саясаттың құрбаны болған Ахмет Байтұрсыновты осылай таныды.
Сабақ соңында Аманкүл Хамзеқызы қорытынды жасап, белсене қатысқан оқушыларға алғысын білдірді.
Мектеп тілшісі
Конференция сабағынан көріністер
Copyright © BenchMark Consulting 2018-2025. Все права защищены