Жас маманның алғашқы жеңісі
Қазақстан халқы тілдерінің ХХІ фестивалі аясында облыстық «Тілдарын» байқауы өтті
Қазақстан халқы тілдерінің ХХІ фестивалі аясында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және дамыту, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу мақсатында 2019 жылдың 18-ші қыркүйек күні облыстық «Тілдарын» байқауы өтті. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырып отырған «Тілдарын» байқауы жас мұғалімдер мен студенттердің арасында үш тілде өткізілді. Қатысушы байқау барысында бейнебаяндар мен суреттер бойынша үш тілде мазмұндау, берілген мәтінге жылдам аударма жасау, аудио тыңдалым бойынша тест тапсырмаларына жауап жазу, белгілі тақырып негізінде эссе жазу сияқты кезеңдерден өтті. Нәтижесінде үш тілді жақсы меңгерген қатысушылар анықталып, алғыс хаттар, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Аталмыш байқауға биыл ғана маман иесі атанып еңбек жолын алғаш бастаған Қазақ мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі, жас маман Тарбакова Диана Қайыркелдіқызы қатысып, ІІ жүлделі орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар тарапынан ынталандырушы сыйына ие болды. Диана Қайыргелдіқызына болашақта ұстаздық міндетін абыроймен атқарып, шәкірттерді ұлттық игіліктер мен адамзат мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеуде шығармашылық табыс тілеймін. Жауапкершілігі жоғары, қиындығы мен қызығы мол ұстаздық еңбек жолына сәт сапар дегім келеді.
Қазақ мектеп-гимназиясы директорының
ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі
орынбасары Есенғалиева Айгүл ЕрболқызыCopyright © BenchMark Consulting 2018-2024. Все права защищены